«Атлетико Мадрид» клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Марин Қазақстандағы футбол академиясына барды — бұл DOSCAR GROUP пен испан клубының бірлескен жобасы. Сапардың басты мақсаты академияны дамыту, тәрбиеленушілерді даярлау және спорттық инфрақұрылымды кеңейту болды.

2024 жылдың қыркүйегінде ашылған академия Орталық Азиядағы «Атлетико Мадрид» клубының алғашқы халықаралық академиясы болды. DOSCAR GROUP Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің қатысуымен оны құруға бастамашы болды. Бүгінде мұнда 100-ден астам жас футболшы мадридтік клубтың әдістемесін, білім беру мен спорттық мінез-құлықты тәрбиелеуді біріктіретін кешенді дайындықтан өтуде.

«Ақбұлақ» спорт кешенінде Мигель Анхель Хиль Марин ойыншылармен кездесіп, жаттығу және білім беру процесімен, сондай-ақ инфрақұрылымды кеңейту барысымен танысты. Жоба төрт футбол алаңын, оның ішінде жабық алаңды қарастырады. Сапарға жобаның стратегиялық серіктестері Шалқар Нұртлеуов пен Данияр Әбулғазин қатысты.

22 қазанда клубтың бас директорын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» клубымен ынтымақтастықты жоғары бағалап, қазақстандық футболды дамытуға қосқан үлесі үшін Мигель Анхель Хиль Маринді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
DOSCAR GROUP үшін академия — жаңа буынға салынған инвестиция. Халықаралық тәжірибе мен қазақстандық әлеуетті біріктіре отырып, DOSCAR GROUP таланттардың кәсіби қолдау алатын және жеңіске деген ұмтылыс күнделікті жұмыстың негізіне айналатын жағдай жасайды.